Табиғат

Ауданның орналасқан жері Климаты. Өсімдіктер әлемі. Жануарлар дүниесі. Су қорлары. Жер асты байлығы.
- Қызылорда облысының белді аудандарының бірі – Сырдария ауданы өзі аттас көне дария бойына орналасқан. Сырдария ауданы – тарихы терең, табиғаты таңғажайып өлке. Олай дейтініміз, Еуропа мен Азия елдерi арасындағы қарым-қатынастың көпшiлiгi (керуен жолдары, елшiлiк көштерi, т.б.) ежелгi заманнан-ақ осы өңір арқылы өткен. Осыған байланысты бүгінгі Сырдария ауданының кейбiр табиғи нысандары туралы жазба деректер өте ерте кезден белгiлi болған. Мысалы, Геродот (б.з.б. 5 ғ.) Каспий теңізінiң шығысында шексiз жазық өңiр жатқандығын және оны массагеттердiң мекендейтiндiгiн баяндаса, Птолемей (б.з. 2 ғ.) өз еңбектерiнде Сырдария (Jаxаrtеs) өзенi туралы мәлiметтер келтiрген. 9 — 10 ғасырларда араб ғалымдары Арал теңізіне толық сипаттама берiп, картаға түсiрдi және гректердiң Әмудария мен Сырдария өзендерi Каспий теңізіне құяды деген топшылауын терiске шығарып, Арал теңізіне құятынын анықтаған. 1246 жылы Италия саяхатшысы Плано Карпини және 1258 жылы фламанд саяхатшысы Гильом де Рубрук Моңғолияға барған сапарларында Сырдария өзені маңымен, Мұғалжар мен Аралдың шығыс жағы арқылы өтіп, географиялық орналасу жағынан орнығатын ертедегі Үзген, Баршынкент және Ашнас қалаларын атап, осы өңірдегі шөл, шөлейт аймақтардың қысқаша сипаттамасын берген1.
- Деректерге сүйенсек Сырдарияның аты ежелгі дәуірде Датья, сақ дәуірінде Танаис, Силис, Сіле, Сілеті, Яксарт, Қаңлы мемлекетінің тұсында Канга, орта ғасырлардағы араб деректерінде Сейхун, Хашарат, тағы бірде Якшар, Гулзариун, Оғыздария, Фараб деп аталған. Сырдарияның көне аттары туралы мәліметтер ортағасыр жазбагерлері әл-Масуди (Х ғ.), әл-Бируни(ХІ ғ.), М. Қашғари(Х-ХІ ғ.), жазбаларында кездеседі. Масуди Сырды Якшар десе, әл-Бируни Хашарат, Ходжент, М. Қашқари Оғыздария, ХVІ ғ. тарихшысы Фазаллах ибн Рузбихан Михман-наме-йи Бухара атты еңбегінде Ходжент деп атаған2.
- Силис мағынасын «суы көп, молшылық», Яксарт сөзі көне түркі жазуларындағы Инчу угуз (інжу өзен), қытай деректеріндегі Чжень-чу-хэ (нағыз інжу өзен), Канг атауы иранша «арық, арықтар» деген ұғым беретіні жазылған. «Дария» – суы мол, көлемі кең өзен, көл, теңіз дегенді білдіреді. Ғылыми деректерге сүйенсек, Сырдария аты ХV-ХVІ ғ. қалыптасқан деген тоқтамға келеміз. ХVІ ғасырдың тарихшысы Рузбехан Сырдария өзені туралы былай деп жазады: «Бұл өзен 300 таш ұзындықпен ағып өтеді де Қарақұм құмдарына сіңіп кетеді. Өзеннің бүкіл бойында мал азық ететін шөп пен қамыс өседі. Дариядан егін суаратын көптеген арық тартылған. Сырдария секілді пайдасы көп өзен басқа елде жоқ...жағалауындағы бітік шөбі мен қисапсыз жабайы құстары жөнінен оған тең келетіні жоқ, ол әр түрлі аңдар мен жануарларға өте қолайлы. Түрлі гүлдерге толы жағалауларында құстардың көптеген түрі, жабайы есектер, ақбөкендер және басқа да жануарлар мекендейді, ит тұмсығы батпайтын қалың орман, арша ағашы тоғайлары өседі. Сырдария Түркістанның көк тіреген зәулім ағаштар секілді қалалар арасынан ағып өтеді»3.
ХХ ғ. басында орыс зерттеушісі В. Н. Руднев «Сырдарияның сол жағалауындағы қалың тораңғыл, жиде, шеңгел тоғайы туралы жаза келіп оңтүстік батыстан қалың құмды желдің 2-3 күн соққанын әрі осы өңірдің малына жолбарыстардың жиі – жиі шабуылдайтынын жазады»4.
- Сыр өңірінің табиғаты өлке халқына қай кезеңде де туған анадай қамқор болып келеді, мұнда басқа өңірде кездеспейтін жануарлар мен өсімдіктер өте көп. Елдің ырысына айналған күріш аймақтың ғана емес, ұлттың бренді деуге болады. Табиғат жиі тосын мінез танытатын бұл өңір - кез келген жанның аңсап жүретін киелі мекені. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейтін қазақ жұрты Сырдың бойын дарқандықтың, береке мен байлықтың иесі санаған, оны қадір тұтқан. Сондықтан да бұл аймақтың климаты, топырағы, жануарлар мен өсімдіктер әлемі кім-кімді де қызықтырары сөзсіз.

- Сырдария ауданының климаты тым континенттік болып келеді. Ауданның солтүстіктен оңтүстікке қарай созыла орналасуына байланысты солтүстігінде қаңтар айының жылдық орташа температурасы - 120 С, оңтүстігінде ол -70С құрайды. Қар жамылғысының қалыңдығы 10-15 см, оңтүстіктегі Қызылқұм өңірінде тұрақты қар жамылғысы болмайды. Ауданның солтүстігінде боранды күндер жылына орташа есеппен 17 күнді құрайды. Кейбір жылдары қаңтар, ақпан айларында ауа температурасы -360С-қа дейін төмендейді. Соңғы жылдары өңірде экологиялық ахуалдың қиындауына байланысты климат режимі жайсыз бағытта өзгеріп бара жатқаны белгілі болып отыр. Атап айтқанда, ауаның құрғақтығының күшеюі, қыстың созылмалы болуы, өсімдік жабынының азғындауы, топырақтың сорлануы, тұзды шаң суыратын желдің жиілеуі сияқты қолайсыз құбылыстар климаттың азын-аулақ болса да өзгеруіне әсер етіп отыр. Шілде айында ауаның жылдық орташа температурасы 26-29°С., кейде ауа 52°С-қа дейін, ал Қызылқұм өңіріндегі құм бетінің температурасы 72-76°С-қа дейін көтеріледі.
- Қай аймақта болса да жауын-шашынның мөлшері молдау және ауаның айлық орта температурасы көтеріңкі болса ғана экологиялық жүйенің құрамдық бөліктеріне, ең алдымен тірі табиғатқа жайлы болатыны белгілі. Сырдың төменгі ағысында көбінесе салқын кезде жаңбыр жауады, ал ол кезде өсімдіктің өсіп-өнуіне қажетті температура жетіспейді. Жауын-шашын мөлшері өте төмен – 110-160 мм. Қар көбіне желтоқсанның екінші онкүндігінде жауады. Қаңтар, ақпан және наурыз айларында ауаның ылғалдық деңгейі 66-80 пайыз аралығында болады. Жаз айларында ауа құрғақ. Оның ең төмен деңгейі маусым, шілде және тамыз айларына тура келеді. Қазан айынан бастап күзгі салқын түсе ауаның ылғалдығы да көтеріле береді. Бірақ жылдың бас кезеңімен салыстырғанда күзгі ауаның ылғалдығы сәл-пәл төмендеу. Қалай дегенде салқын кездегі ауаның ылғалдығы табиғатты жасаңсытуға пайдалы әсері болмайтыны анық. Жыл ішінде ауаның ылғалдығы салқын кезде молайып, өсімдіктің вегетациясында азаятын тірі табиғатқа қолайсыз климат жағдайы - осы аймаққа тән құбылыс. Сонда да болса ауданның көп бөлігі Сырдария өзенінің бойында орналасқан агроклиматтық аймақ-байырғы егіншілік өңір екені мәлім. Бұл Сырдария әкімшілік ауылдарының орталық бөлігін қамтиды. Ауаның +100-тан жоғары температурасының жинағы 3600-42000, ал жылы мезгілдің ұзақтығы 180-200 күн. Жазы ыстық, ұзақ, жауын-шашын аз. Желтоқсанның екінші-үшінші онкүндігінде қалыңдығы 10-15 см қар жауады, ол 1,5-2,5 ай бойы жатады10. Бұл ауданда жылу сүйгіш дақылдардың көбі егіледі (күріш, жеміс-жидек, жүзім, көкөніс, бақша).

- Ауданның топырақ жамылғысы негізінен сортаңды сұр, құмдақты сұр топырақтан, Сырдария жайылмасында шалғынды сұр топырақтан тұрады. Аудан өңіріндегі өсімдіктер ыстық, қуаң аймақтың топырақ-климат жағдайына бейімделген. Өңірде тараған өсімдік қауымдастығы үш топқа бөлінеді: саздақ жазықтардың, құмды даланың, Сырдария өзені атырауының өсімдіктері. Саздақ шөл дала ауданның солтүстігінде, құмды дала оңтүстігінде, ал осылардың ортасында ескі және жаңа атыраулық жазықтар жатыр. Аймақтағы өсімдіктер жабыны мал жайылымына және шабындыққа пайдаланылады.
- Шөлейт және шөл дала өсімдіктеріне малды жыл ішінің үш маусымында – көктемде, жазда және күзде жаяды. Қуаң дала жерлері Сырдария өзенінің оң жағалық және сол жағалық жайылымдары болып бөлінеді. Сырдарияның оң жағалық жайылымы аймақтың әр бөлігінде геоморфологиясына, яғни топырағына және өсімдік жабынының түрлік құрамы мен өнімділігіне байланысты әр түрлі қалыптасқан. Қарақұм, Арысқұм, Мойынқұмдарда –еркек арпахан, қара жусан, томар жусан, ебелек, жер жоңышқа, қоңырбас, қияқ, ақселеу т.б өсімдіктер өседі. Оңтүстігінде –күйреуік, раң, қызылша, дүзгін, сирек болса да ақселеу кездеседі. Өнімді және жұғымды жағынан Қарақұм, Арысқұм жағы өсімдіктерінің құнары мол, әрі өнімді.
- Сазды жерлерде әр түрлі эфемерлер, итсигек және изен аралас жусан өседі. Бұл шөптердің мал жейтін өнімі гектарына 4-4,6 центнер.  Мұндай жайылымға малды жыл бойы жаюға болады, әсіресе көктемде және күзде жаю тиімді. Төбе бөктерлерінде өсімдік жабынын сұр жусан мен бұйырғұн құрайды. Гектарлық өнімі 5,2 центнер. Сонымен бірге осы аймақтағы сортаң қоңыр топырақта бұйырғынмен аралас қара жусан өседі.
- Аудан аумағындағы қуаң аймақтың құмды жазықтарына Жаңадария, Қуаңдария жазықтары да осы сол жағалық мал азықтық ауданға кіреді. Осы сол жағалық құмды алқаптардың өсімдік жабынын әр түрлі бұталар – қара сексеуіл, қоянсүйек, жүзгін аралас шөптер құрайды. Орнықты құмдар мен құм төбелерді жиектеп аралас өсетін еркек шөп және жусанның өнімділігі - 7-8 центнер болады. Құм арасындағы саздақ жазықтарда гектарлық өнімі 3-8 центнердей болатын еркек шөпке аралас әр түрлі шөптер өседі.
- Қуандария мен Жаңадария жазықтарында қара сексеуіл аралас эфемерлер мен жусан, кейде оларға сораң мен жантақ аралас өседі. Құм төбелердің арасындағы тақырлау жерлерде бұйырғын, қара сексеуіл, күйреуік жиі көрінеді. Осы заманғы жаңа аллювийлік құмдарда шөптің аталмыш топтарына аралас бұталардан жыңғыл, шеңгел, баялыш, теріскен кездеседі.
- Атыраулық жазықта өсімдіктердің түрлік құрамы мен биомассасы өзеннің екі жағындағы жерлердің ылғалдық режимімен тікелей байланысты. Өңірде өсімдік дүниесінің қалыптасуына Сыр атырауының табиғи ландшафты құрайтын факторлар тікелей ықпалын тигізеді. Сонымен бірге оған антропогендік және зоогендік факторлар да күшті әсер етеді. Соңғы кезде Сырдарияның атыраулық аймағындағы өсімдіктердің жалпы эволюциялық даму бағыты өлкенің гидрологиялық режимі өзгеруіне байланысты болып отыр. Ылғал (гидроморф) жерлерде өсетін өсімдіктер тобы - экологиялық топтармен ауысқаны байқалады. 
- Сырдария өзені мен онан тарайтын сулы өзектердің арналарына жақын жатқан ығалды жерлерде өсетін астық тұқымдастар мен әр түрлі шөптер. Бұлар: айрауық, аздап қамыс және қызыл мия, есек мия, тергүлді, айбатмия тағы басқа. Мұндай жерлерден гектарына 15-20 центнерге дейін сапалы шөп алуға болады. Бірақ дарияның арналық қырқасынан шөп дайындамайды. Оны ірі қараның жазғы жайлауына пайдаланады. Сырдарияның арналық қырқасында ағаштар сирек. Кейде шоқ-шоқ болып өскен жиде мен тал аралас жиделі тоғайлар кездеседі. Қалың өскен нағыз тоғай ені 1-3 км, ескі атырау мен атырау басында суға жақын жерлерде өседі. Жоғары белдікте өсетін ағаштар жиде, терек, тал, тораңғыл. Екінші белдікте қалың шеңгел, жыңғыл. Топырақ бетіне жақын төменгі үшінші белдікте бидайық, айрауық, қамыс, жабайы арпаға аралас әр түрлі шөптер, мысалы тергүлді, жалбызтікен, кендір, миялар өседі. Өзен арнасынан шеттеу дарияның тасқын суы оқтын-оқтын басатын ойлау жерлерде ну қалың камыс. Кейбір суы тайыз көлшіктердің жағасында қамыс аралас қоға да бар. Су басқанбірақ суы ұзақ тұрмайтын ылғалды жерлерде бірыңғай таза қамыс өседі, ал ылғалы аздау жерлердің қамысы сиреп, оған аралас жыңғыл, қарабарқын, кейде сораң өседі. Мұндай әр түрлі шөп пен бұта аралас қамыс өскен жерлер атыраудың едәуір аумағын алып жатыр. Бірыңғай таза қамыс жылына әр гектардан 50 центнерге дейін пішен береді. Осындай өсімдік формацияларының арасында кездесетін борпылдақ және шалғынды сорларда галофиттердің жұтаңдау өскіні ойдым-ойдым болып кездеседі.
- Сор   жерлердің өсімдігі көбінесе ксерофиттер – жыңғыл, итсигек және әртүрлі эфемерлер аралас ащы шөптер болып келеді. Тұзы аздау шалғынды сорларда сиректеу өскен ажырық, ал жалаңаш сорларда сарсазан, балықкөз, сорқаңбак, қарбарқын өседі. Сор учаскелерде шөбінің өнімділігі гектарына 1,0-1,5 центнерден аспайды, онда да малға жұғымдылығы төмен. Ауданның қуаң бөлігінде құрғаған ескі арналарды жағалай және Жаңадария мен Қуаңдарияның тақырлау жазықтарында шоқ-шоқ болып өскен сексеуіл тоғайлары кездеседі. Олардың арасында сиректеу болып өсетін - күйреуік, жусан, торғайоты, раң, балықкөз.
- Қалғандария жағалауы
Сырдарияның арнасына жақын жатқан тасқын су шаятын жерлер мен көлтабандар шабындық жерлерге жатады. Ол жерлерде қамыстың өнімі өте жоғары болатын-ды. Кейінгі жылдары өлкенің гидрологиялык режимі өзгеруіне байланысты шабындық жерлердің аумағы тарылып, шөптің өнімділігі күрт азайды.
- ХХ ғасырдың 50-шы жылдарында атыраулық аймақта аяқ басқан сайын кездесетін ірілі-уақты көлдер мен тасқын су басатын ойлау жазықтарда өсетін ну қалың қамыс пен әр түрлі балауса шөптер мен жиделі тоғайдың ішінде көк майса балғын шөптер малдың азығына құрғақ шөп түрінде (пішен) дайындалып, қалғаны күзде және қыста жайылым ретінде пайдаланатынды.
- Бұл өлкенің жері сортаң, климаты қуаңшылық жағдайына бейімделген төл ағаштарының дені қатты жапырақты топқа жататын кәдімгі сексеуіл мен өзен алқабындағы ылғалды жерлерде өсетін сиректеу терек, тал, қарағаш, тораңғыл секілді ағаштармен бірге жиделі тоғай. Сексеуіл ылғалы мол жерлерден сәл шалғайлау құмдақ және саздақ жазықтардағы төбелер мен шабыр құмдардың баурайлары мен етегін алып жатады. Сексеуіл қай жағынан алғанда бұл өлкенің шаруашылықтары үшін аса құнды ағаштың түрі. Ол шөлейт даланың биологиялық өнімділігіне тікелей ықпалын тигізеді. Оның арасында қуаңшылық жерге бейімделген мал азықтық майда шөп өседі, жердің бетін қорғайды, қыста малға ықтасын, демек, малға өте пайдалы жайылым әрі отын. Сексеуілдің көп өсетін жерлері - сусыз құрғақ ескі өзектердің екі жағын алып жатқан жазықтар. Әсіресе, Жаңадария жазығындағы көлемі 300,0 мың гектардай болатын қалың сексеуіл орманы бар болатын. Қуаңшылықтың және адамзаттың есепсіз пайдалануынан салдарынан сексеуіл орманы сиреп, өзінің шаруашылық маңызын жоғалтты. Шөлейт аймақтардағы сексеуіл шаруашылық үшін маңызды.
- Тоғайлы ормандар Сырдарияның жағалауы мен жыл сайын өзен тасығанда су қашатын ығалды (гидроморф) жерлерде өсетін ағаш-бұталардан тұрады. Сырдарияның екі жағында өзенді бойлай арналық қырқада сыңсып өсетін ну тоғайлық ежелден су мен топырақтың қорғаны ретінде экожүйенің сақталуын қамтамасыз ететін ұйытқы болатын. Өзені мен көлін, су қоймасы мен көлшігін жағалай өскен тоғайлық ағаштардың, көбінесе жиденің тамыры тереңге бойлап, топырақты шымдап ұстап тұрады. Судың жағасын су эрозиясынан сақтайды, өзен-қөлдің табанын лай басудан қорғайды. Сонымен бірге тоғайлар егіндікті, шабындықты, жайылымды шаң мен құмнан қорғап тұратын табиғи орман алқаптары болып табылады. Ежелден табиғаты қатаң Сыр өңіріндегі тоғайлы ормандардың шаруашылық үшін, адам мен жан-жануарлар үшін қаншалықты маңызы барын қалай айтса да жарасады. 
- Жасыл желегі жайқалған Сыр өңірі соңғы жылдары түрлі табиғи өзгерістерге ұшырағанына қарамастан, әлеуметтік-экономикалық жағынан қарыштап дамып келеді. Сонымен бірге ауыр экологиялық ахуалын қалыпқа келтіру мақсатында бірталай игілікті шаралар нәтижесін беруде. Ең бастысы – Сыр өңірі халқы табиғатпен біте қайнасып, оның ажырағысыз бір бөлшегіне айналған. Өйткені Сыр – қазақтың қара шаңырағы. Ұлттық ұғымымызда қарашаңырақты тастап кету күнә саналған. Ұлттық салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмай сақталған жері де осы - Сыр өңірі. Демек, бұл аймақтың әрбір өсімдігі мен әрбір бұтасы ғасырдан-ғасырға өзінің табиғи болмысын өзгертпей келіп отыр. Бұл қасиет Сырдан кете алмайтын қазақтың туған жерге деген сүйіспеншілігімен тығыз байланысып жатқан жоқ па?! Адам мен табиғат егіз деген түсініктің мағынасы осы тұста айқындала түсетіні анық.
 

 

 

Жануарлар дүниесі.
- Аудандағы шаруашылықтың ыңғайына қарай «Қыр» деп аталып кеткен кең байтақ жазық даласында және Сырдарияның төменгі ағысында «Сыр» деп аталып жүрген атыраулық бөлігіндегі өзен-көлдері мен олардың төңірегінде жан-жануарлардың көптеген түрлері тіршілік етеді. Соңғы жылдары өлкеде өршіген экологиялық тоқыраудан олардың тіршілік ететін ортасы, яғни, экологиялық нишасы (қуысы) азғындауы себепті хайуанаттардың көпшілік түрлері құрып кетудің алдында тұр. Рас, жан-жануарлардың біреу-жарым түрлері ғана болмаса, көпшілігінің түрлік құрамы сақталған, бірақ саны өте азайып, анда-санда біреу-екеуі ғана кездесетіндей күйде қалды. Бұрын кәсіби ауланып жүрген ірі сүтқоректілердің өзі бүкіл Қазақстан аумағында сиреп қалғанын ескерсек, табиғаты қатаң Сыр өңіріндегі олардың жағдайы қандай екені айтпаса да түсінікті.
- Өңірде құстардың 319 түрі, олардың 173-і ұя салатындар мен 123-і ұшып өтетіндер және сирек келетін құстардың 23 түрлері болған. Әсіресе, көлдерді мекендейтін қаз, аққу, үйрек, бірқазан, қарабай, құтан, шіл, шағала тағы басқа түрлері көп еді13. Қыр бойын жек, жылқышы, дуадақ, қоқиқаз сияқты құстар мекендейді.
- Сыр өңірінің шөлейт қырларына ұя салатындардан 4 түрі бар. Олардың тобын құрайтын дала жыртқыштары – жапалақ, бөктергі, қырғи, аққұйрық. Сонымен бірге саздақ шөл даланы мекендейтін құстардың тобы сол бұрынғыша сақталған. Осында мекендейтін байырғы құстардың көпшілігі торғайлар (бозторғай, молдаторғай, көккептер т.б.) бір километрге есептегенде олардың саны 7-8 ден 48-50-ге дейін жетеді. Қазақстанның «Қызыл кітабына» тіркелген құстардың түрлерінен Сыр өңірінде қалғаны 5-еу. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарында Сырдың төменгі ағысында қырғауыл көп болған. Бұл өңір қырғауыл өсіп-өнуге өте қолайлы мекен болып табылады.
Сүт қоректілер.
- Сырдария ауданы жерінде сүт қоректілердің елуден артық түрлері тіршілік етеді. Олардың ішінде қолқанаттылар 8, насекомқоректілер 4, қоян 1, кеміргіштер 26, жыртқыштар 11 және тұяқтылар 314. Ірі сүтқоректілер жабайы шошқа, ақбөкен, қарақұйрық; жыртқыштардан қасқыр, шағал, борсық, түлкі, қарсақ т.б.
- Аудан жеріндегі суы мол мыңдаған көлдерді айнала өсетін қалың қамыс, қопалардың ішінде өткен ғасырдың 30-шы жылдарына дейін жолбарыс мекендеген еді. Бүгінгі қамыс арасында күні кешеге дейін өріп жүрген жабайы шошқалар, даламызда үйір-үйірімен жосылған құландар туралы естіген адамға аңыз сияқты.
- Табиғи ортаның мұндай күрделі өзгеріске ұшырап, адамға зиянды бағытта дамуы жәндіктердің кейбір түрлеріне өте қолайлыболып тұр. Мысалы, қансорғыш насекомдар. Олардың да барлық түрлері тең жағдайда болып тұрған жоқ. Тек әйгілі паразит — сары маса күріштік жерлерде, су жүйелерінің бойында ұялап, шектен тыс көбейіп кеткен.
- Соңғы жарты ғасырдан бері адамның шаруашылық қызметі кәдімгі табиғи ландшафты өзгертіп, жануарлардың тіршілік ететін ортасын уақыт өткен сайын тарылтып, қусырып барады. Мұндай өзгерістердің басты ерекшелігі сол, хайуанаттардың бәрі бірдей қолайсыз жағдайға тап болмайды. Соның айғағы, қазір қалалар мен елді мекендерде не көп — көгершіндер, қала торғайы, ала мен қара қарға көп. Далада жыртқыштардың; шағал, кеміргіштердің кейбір түрлері көбейіп кеткен. Адам қызметінің айнала төңірекке, қоршаған ортаға, оның жекелеген құрамына әсерінен өзіндік ерекше жануарлары бар жаңа антропогендік ландшафтар пайда болды. Кейбір жануарлардың сол антропогендік ландшафтардан өздеріне қолайлы жағдай тапқаны байқалады. Олар торғай, қарға, кептер, егеуқұйрық, насекомдардың кейбір түрлері.
- Бауырымен жорғалаушылар. Қазақстанда тіршілік ететін бауырымен жорғалаушылардың 49 түрінен Сыр өңірінде, оның ішінде Сырдария ауданы жерінде олардың 24 түрі кездеседі. Бауырымен жорғалаушылар ортаның ылғалдығына онша сезімталдық көрсетпейді. Сол себепті экологиялық жағдай қанша қолайсыз болғанымен, олардың түрлік құрамы онша көп өзгермейді. Мұнда бұрыннан тіршілік ететін кесіртке, тасбақа, қалқан тұмсық, құмайдаршасы, оқжылан, полоз т.б сияқты түрлер сақталған, олардың сандық және түрлік құрамында өзгеріс жоқ. Олар өздерінің байырғы мекендерінде жиі кездеседі. Сонымен қатар, кесірткелер отряды тармағына жататын бауырымен жорғалаушы кесел сирек болса да кездеседі. Денесінің ұзындығы 1метр, ірілерінікі 3 метр болатын кесел аласа ағаштарға өрмелеп шыға алады, суда жақсы жүзеді, минутына 100-120 м шапшаңдықпен жүгіре алады. Оны арабтар «варан», орыстар «шөл қолтырауыны», түрікмендер «земзем», өзбектер «ичкием» деп атаған. Терісінің бағалы болуына байланысты кесел өткен ғасырларда аяусыз ауланып, жойылуға дейін жеткен. Көптеген экожүйелердің маңызды құрамы болып табылатын бұлардан басқа да қосмекенділер мен рептилиялар бұл өңірде аз емес. Демек, өңірдің экологиялық жағдайы олар үшін жағымсыз болып тұрған жоқ.
- Өңірдің жалпы су қорларын өзен тармақтары, каналдар, жер бетіндегі бірлі-жарым бұлақтар, уақытша ағын сулар, көлдер мен тақырларға жиналатын және жер астындағы сулар құрайды. 
Аудан жерімен Сырдария және оның тармақтары Шіркейлі, Қараөзек т.б ағып жатыр. Ауданның солтүстігінде Арыс, Телікөл көлдері жатыр.Өңірде жер бетіндегі тұщы су қоры өте аз. Өңірде жерасты суларының, оның ішінде дүмпу (артезиан) сулар да бар, қоры мол. Сырдария өзенінің арнасын бойлап, ені 100,0 км-дей жолақпен созылатын аллювиалдық жазықта жерасты суларының деңгейі өзен суының деңгейіне, ирригациялық жармалар мен жауын-шашынның мөлшеріне байланысты болады. Өзен, көл және жармаларға жақын телімдерде көбінесе тұщы немесе кермектеу сулар 5,0 м тереңдікке дейін жатыр.

Шіркейлі каналы                              
- Тақырлы жазықтарда (Жаңадария) өте күшті минералды қабаттағы судың тереңдігі 10-30м. Кейбір майда құмтөбелер шоғырланған телімдерде – 5-10м.
- Сыр өңірінде шаруашылық мақсатқа пайдаланатын судың негізгі балансы Сырдария өзенінің бойындағы Көктөбе су бекетінен өтіп, өзеннің төменгі ағысындағы су тораптарына келетін судан тұрады15.
- Өзен ағысының азаюы Сырдың атыраулық аймағында табиғи кешендерді түбегейлі өзгертіп жіберді. Қабаттағы су тереңдеп, топырақтың жоғарғы қабаты құрғады; ылғал топырақтар (гидроморф) кеуіп, қуаңдану қатарымен дамыды. Көлдер мен көлшіктер құрғап, олардың төңірегіндегі бұрын су шайып тұратын телімдер қабыршақты және борпылдық сорларға айналды. Топырақ профилінде тұздың жылжуы төменнен жоғары қарай бір бағытта ғана жылжитын болды. Бұрынғы гидрологиялық режимге байланысты жоғары-төмен жылжып тұратын маусымдық қайтымды тұз режимі енді маусымдық қайтымсыз тұз режиміне айналды, яғни қабаттағы тұз топырақтың бетіне шоғырланды. Оған өзен суының минералдығы көтерілуі, ауаның құрғақтығынан қабаттағы ащы судың күшті булануы және Арал теңізінің құрғаған орнынан желмен тарайтын тұзды шаң қосылып, өңірде топырақтың қайта сорлануын күшейтіп отыр. Бұрын сор жерлер бедердің ойлау телімдерінде ғана тараған болса, қазір бедердің барлық элементінде кездесетін болды. Өңірде орын алған қуаңшылықтың әсері Сырдың атыраулық ландшафтарында өсетін плаккаттық топқа жататын өсімдік қауымдастығына жайлы болмады. Өсімдік қауымдастығының түрлік құрамы күшті өзгеріске түсіп, ылғал сүйгіш өсімдік қауымдастығын ксеро-галофилдік және галоксерофилдік топтары ауыстырды. Бұл соңғылары топырақтың сорлануын күшейте түсуде. Өңірде табиғаттың азғындауына өзен суының сапасы да ықпалын тигізіп отыр. 

Ауданның көл жүйелері.
- Қазақстандық Шығыс Арал өңірінде табиғаттың кескін келбетін анықтайтын Сырдария өзені. Көне заманда Сырдария Арал ойпатына жеткенше жолай Шу мен Сарысу өзендерінің ағысын қосып алып ағатын суы мол өзен болды. Дария тасығанда көптеген көлдер пайда болған. Көлдерді балық өндірісінде пайдаланудың жергілікті тәжірибесіне сүйеніп, олар аймақтық және гидрографиялық белгілеріне қарай ірі-ірі көл жүйелеріне топталды.  Бұл көл жүйелерінің пайда болуы мен гидрология-гидрохимиялық режимінің сақталуы Сырдария өзенінің ағысымен тікелей байланысты еді. Сыр өңірінде өзен ағысы азайып, қуаңшылық күшейгенге дейін аталмыш көлдердің суы мол, деңгейі биік, іші толған балық болды. Көлдер мен өзектер тыран, майбалық, сазан, қаяз, торта, тісті (судак), шортан, ақбалық, жайын және әр түрлі майда балықтарға толы болды. Алайда, 1970 жылдардан бастап өзеннің сол жаға массивінде күріштік алқаптардың игерілуіне байланысты Соркөл, Қоңыздыкөл, Тукөл, Қаңбақты көл, Күміскөл т.б. көлдер кеуіп қалды.  
- Сырдария өзеніне гидротехникалық құрылыстар салынып, ағысы талапайға түсуіне байланысты көлдерге түсетін су күрт азайып, сонан көлдердің берекесі кете бастады. Сонан балық беретін негізгі ірі көл жүйелерінің ауқымы тарылды, суы азайған көлдерден ауланған балық мардымды болмады, біртіндеп балық шаруашылығының көлемі азая түсті.
- Бүгінде Сырдария ауданы бойынша жалпы көлдің саны-26, олардың жалпы айдыны 1275 гектарды құрайды. Олардың ішінде, кішігірім көлдер мен көлшіктерді қоспағанда, әрқайсының айдыны 45-50 мың гектар болатын Қараөзек, Тораңғылсай, Арыс сияқты ірі көл жүйелері, сол сияқты ұзындығы 80-120 км құрайтын Қараөзек, Жаңадария сияқты өзектер де бар16.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсыруымен үкімет Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында “Сырдария өзенінің ар­насын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу” атты ұзақ мерзімді бағдарлама қабылдады. 2003 жылы Қараөзек арнасының бас сағасына су жіберу қабілеті 300 текше метр жаңа құрылыс салу жос­пар­лан­ды. Осы бағдарламаның арқасында Сырдария өзе­нінің “Айтек” бөлімшесінде су жіберу қабілеті 700 тек­ше ме­трлік су тоспасы құрылысы 2004 жылы және Қа­раөзек арнасына су жіберу қабілеті 250-300 текше метр­лік шандорлық типті бас саға су құрылысы салынып, 2006 жылы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Қараөзек арнасының “Картон ком­бинат” учаскесінде су жіберу қабілеті 30 текше метрлік су құрылысы салынды. Осы құрылыстың арқасында Жал­ағаш ауданының көл-жүйелерін және Сырдария ауданына қарасты Қазымбет, Байсары, Бегімкөл, Қаракөл – бар­лығы 3000 га болатын көлдерге су жіберуге қол жеткізілді.
- «Әйтек» магистралды каналының ұзындығы 55 шақырым. Оның 28 шақырымы Сырдария ауданы аумағынан өтеді. “Айтек” каналы Сырдария, Жалағаш ау­дандарының 7 ауылдық округтерін аяқ сумен қам­тамасыз етеді. Оның бойындағы барлық егіс көлемі 8000 гектар болса, күріш 5500 гектар, оның ішінде Сырдария ауданы шаруашылықтарының егіс көлемі 5409 гектар, күріш 3108 гектар. Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентін, С.Сейфуллин, Құндызды ауылдық округтерін аяқ сумен қамтамасыз ететін «Майжарма», «Айтбай-Арық», «Қаракөл» каналдары осы «Айтек» каналының тармақтары. Тереңөзек кентінің ауа-райын жұмсартып, экологиялық жағдайын жақсартып тұрған да осы каналдар. «Сол жаға» магистралды каналының 68 шақырымы да Сырдария ауданы аумағымен өтеді. Каналдың бо­йында 10 дана су тоспа құрылысы, 49 ша­руа­шы­лық­тарға су беру құрылыстары және апаттық жағдайларда қа­жетті су тастау құрылысы орналасқан

Айтек су торабы
- Осы аралықтағы үлкен алқапта жиырма-отыз шақты көл­дер жүйесі бар. Онда алты ша­қырымға созылған қорғаныс бөгеттері жөнделіп, ны­ғайтылған. Болашақта ол су проблемасын ғана шешіп қой­майды, бұл маң құс базарына айналады, балық ша­руа­шылығын дамытуға мол мүмкіндік туады, сондай-ақ аймақтың климаты да жақсарып, айнала көкорай шалғынға оранады деген сенім мол.

- Ауданның жер қойнауында құрылысқа қажетті материалдардың (құм, саз, қиыршықтас т.б) мол қоры бар. Сырдария ауданының Арысқұм алаңында кафельдер, фаянс бұйымдарын, түрлі-түсті қыштар, черепица өндіріс орындарын ұйымдастыру үшін мол балшық қорлары бар және өткен ғасырдың аяқ кезінен бастап осы өңірден мұнай мен газ кен орындары ашылып, игерілуде. Бүгінде Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Құмкөл кенішінде, Кеңлік кен орнында бірқатар жобалар іске асырылуда.


Жаңалықтар

16 желтоқсан 2017

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Тәуелсіздік күні мерекесінде Сырдария ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қ.Көшербае...

16 желтоқсан 2017

СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА 10 ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні» мерекесінде Сырдария ауданы Тереңөзек кентінен жаңадан салынған 10 ...

15 желтоқсан 2017

СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

Бүгін Сырдария аудандық мәдениет үйінде «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні» мемлекеттік мерекесіне ора...

14 желтоқсан 2017

ӘҢГІМЕЛЕСУГЕ ЖІБЕРІЛЕТІН КАНДИДАТТАРДЫҢ ТІЗІМІ

ӘҢГІМЕЛЕСУГЕ ЖІБЕРІЛЕТІН КАНДИДАТТАРДЫҢ ТІЗІМІ...

Сауал

Пожалуйста, оцените наш сайт

Перед Вами несколько вопросов, которые помогут нам улучшить работу нашего сайта, сделать его удобнее и полезнее.

Сіздің сайтқа бағаныз


Дауыс беруРезультаты