Сырдария ауданы

  Сырдария (Тереңөзек) ауданының тарихы

 
- Сырдария (Тереңөзек)  ауданының тарихы сонау колхоздастыру кезеңдерінен бастау алады. Октябрь революциясының  жеңісінен кейінгі алғашқы он жылдықта ауылдар мен  елді мекендерді әлеуметтік  және экономикалық дамыту мәселелері қойыла бастады. Осыған сәйкес Коммунистік Партияның 1927 жылғы 2-19 желтоқсанда өткізілген 15 съезінде Советтік Социалистік Республикаларындағы  ауылшаруашылығын дамыту жолдары талқыланды. Съезд  лениндік кооперативтер құру қағидасына сүйене отырып ауылшаруашылығын коолективтендіру жұмыстарын жүргізу шешімін қабылдады. Қызылорда уезінде 1925 жылдардың өзінде алғашқы серіктестіктер, артельдер құрыла бастаған болатын. Мысалы  Шиелі поселкесінде 12 кедей шаруашылықтары бірігіп серіктестік құрған, олардың құрамында 5 орыс отбасы, 7 қазақ отбасы болған. Бұндай жерді өңдеу серіктестіктері, яғни сол кезеңдердегі ТОЗ-дар мен артельдердердің саны 1930 жылдары Қызылорда уезінде  қырық шақты ғана болған. Олар балық аулау, егін егу, жер жырту, жүн өңдеу, тері илеу, сабын қайнату, тұз өндіру, нан пісіру, кірпіш құю сияқты т.б. шаруашылықтармен айналысқан.1
- 1927 жылы үш машинажобалау пункттері  Шиеліде, Талсуатта, Тереңөзекте құрылады. Оларда барлығын қосқанда 96 ауылшаруашылығы машиналалары болған. Бұл ұжымдық шаруашылықтар  сол кезеңде 13 мың десятинадан астам жерді өңдеп, егін еккен. Тереңөзек кентінің тарихы  осы 1927 жылғы машинажобалау бекетінен басталған деуге болады.1
- 1927 жылы желтоқсан айының аяғында Қызылорда қаласында советтік партия белсенділерінің актив жиналысы өткізіліп, жаппай коллективтендіруге көшу, бай-кулактарды  кәмпескелеу есебінен колхоз мұқтаждығын шешу мәселелері талқыланды. Соның нәтижесінде 1928 жылғы көктемгі егіс уақытында  Қызылорда қаласы, Шиелі, Қараөзек станцияларынан 3 машина-трактор пункттері   құрылады. Міне алғашқы ұжымдық шаруашылықтар қазіргі Қызылорда облысының территориясында 1928 жылдан бастап құрылады. Ал жаппай ұжымдастыру 1929 жылдың екінші жартысынан бастап жүргізіледі.         Жоғарыда айтқанымыздай Бүкілодақтық Комунистік Партияның 15 съезінде колхоздастыру шарларымен қатар жаңаша әкімшілік-территориялық басқару жүйесі ендіріле бастады. Революцияға дейінгі губерния, уезд, болыс және ауылдар әкімшілік бөліністерінің орнына 1928 жылдың жазында округтер мен аудандар құрыла бастады.2 1928 жылға дейін Қызылода уезді болса, 1928 жылдан кейін Қызылорда округі болып құрылады. Қызылорда округінде 8 аудан болады: 1)Арал ауданы – 17 қаңтар 1928 жылы, 2)Қазалы  ауданы – 17 қаңтар 1928 жылы,3) Қармақшы ауданы – 17 қаңтар 1928 жыл, 4) Қараөзек ауданы – 17 қаңтар 1928 жыл, 5)Қарсақпай ауданы – 17 қаңтар 1928 жылы, 6) Шиелі ауданы – 17 қаңтар 1928 жылы, 7) Қызылорда ауданы – 17 қаңтар 1928 жылы, 8) Аламесек ауданы – 17 қаңтар 1928 жылы.1 1928 жылдың 23 маусымында Қараөзек ауданы Тереңөзек ауданы болып қайта аталады.1 (С.Ж: «Сырдария» деген аудан атауы бұл уақыттарда мүлдем болмаған)  Округ, аудан болып құрылу үшін соған сәйкес колхоздастыру, елді мекендерді ірілендіру  жұмыстары жүргізіледі. 1929 жылдың 9 айында Қазақстанда колхоздар саны 2115-тен 4348-ге дейін, ал колхоздарға тартылған шаруа шаруашылықтары 23 мыңнан 66 мыңға дейін өсті.2 1930  жылдың  мамырында Қызылорда округтік екінші конференция өткізілді. ВКП (б) округтік комитетінің бірінші хатшысы А.Розыбакиев есепті баяндама жасады. Оның баяндамасында 1929 жылы колхоздардың нан өнімдері көлемінің небәрі 19,7 проценті берілгені, 1930 жылы нан өнімін 56 проценке ұлғайту міндеті қойылды. Осы конференциядан кейін кулак шарушылықтарын тәркілеу жұмыстары пәрменді жүргізілді. Қазақстанда деревнялар мен ауылдарға ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау жөнінде барынша қатаң нұсқау алып, өздеріне ерекше құқықтар берілген 812 уәкілдер аттанды.2 Оларды өз кезеңдерінде «шолақ белсенділер»  деп аталғанын ата-әжелерімізден кейбіріміз естіген де болармыз. Осындай «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын»   ұранымен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 1929 жылы 15 мың адам, 1930 жылы 17 мыңдай адам қамауға алынды. Мұндай жаппай жазалау шаралары  жергілікті жерлерде жағдайды шиеленістіре түсті. Қазақ ауылдары өзінше қарсыласып жатты. Өз мүлкі мен отбасын қорғау мақсатында  өкімет адамдарына қарсылық білдіру, шетелдерге қоныс аудару, тіпті шаруалар көтерілістері бой көрсете бастады.
- Шаруалар қарсылығын әлсірету мақсатында Қазақстанда Голощекиннің бастамасымен әкімшілік басқарудың  жаңа реформасы жүргізілді. 1930 жылдың маусымында барлық округтер таратылды. Қазақстан территориясында 175 аудан құрылды, оның ішінде Қазалы, Қармақшы, Аламесек, Тереңөзек, Шиелі, Қызылорда аудандары Оңтүстік Қазақстан облысының құрамына енді.2
- 1930 жылдың 17 желтоқсанында Қызылорда округінің таратылуы негізінде Аламесек ауданы Қызылорда ауданына қосылды. 1932 жылдың 20 ақпанында құрамында 19 ауданы бар Оңтүстік Қазақстан облысы құрылады. Ондағы 19 ауданның алтауы тараған Қызылорда округіне қарасты аудандар болатын. Ал 1936 жылдың 29 шілдесінде Оңтүстік Қазақстан облысы құрамындағы Қарсақпай ауданы Қарағанды облысына берілді.1 1934 жылдың тамыз айында  Қазақ АССР-ы  Орталық Атқару Комитетінің   қаулысымен  Тереңөзек ауданы таратылып, оның территориясы Қармақшы мен Қызылорда аудандарына берілді.
- 1936 жылы Қазақ АССР- нің Қазақстан Советтік Социалистік Республикасы болып қайта құрылуы барлық қоғамдық, кәсіподақ және шаруашылық құрылымдарын  соған сәйкес өзгертуді талап етті. Қазақстанда халық шаруашылығы салаларына  басшылық жасауды жақсарту, жетілдіру мақсатында 1938-1939 жылдары 6 облыс, 21 аудан, 3 қала құрылды.2
- 1938 жылдың 15 қаңтарында бұрын аудан құқында  Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында болған Қызылорда  жаңадан облыс болып құрылды. Қызылорда облысының құрамында 7 аудан: Арал, Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған, Сырдария аудандары болды. Қызылорда облысының орталығы – Қызылорда қаласы болды.1
1938 жылдың 15 қаңтарында Тереңөзек ауданы құрылады.3 1938 жылдың 8 тамыздағы Қазақ ССР Жоғарғы  Кеңесінің Қызылорда облыстық ұйымдастыру комитетінің президиумы отырысының №38 хаттамасының қаулысына сәйкес Тереңөзек ауданының құрамына төмендегідей  ауылдық Кеңестер:  Тереңөзек, Қызылөзек, Көкжиде, Бесөзек, Жаңаауыл,  Жәдігер, Ақжарма, Шіркейлі, Қызыл ту, Далакөл, Аламесек, Бірінші май, Калинин, Ақбойдақ, Құндызды, Еңбекші, Шолақарық, Мәдениет – барлығы 18 ауылдық Кеңес енді.3
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі президумының 21 қазан 1939 жылғы №56 қаулысы бойынша Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 17 қазан 1939 жылы құрылған Жалағаш ауданына  Еңбекші, Мәдениет, Калинин, Бірінші май ауылдық Кеңестері беріледі. Сонда 1939 жылы Тереңөзек ауданында 14 ауылдық Кеңес болған.
1963 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1964 жылдарға дейін  Қызылорда облысы «Оңтүстік Қазақстан аймағы»  құрамында болуына байланысты Арал, Жалағаш, Тереңөзек, Жаңақорған аудандары таратылды. Тереңөзек ауданының елді мекендері Сырдария, Қармақшы аудандарына бөлініп берілді.
1964 жылы «Оңтүстік Қазақстан аймағы» таратылғаннан кейін 23 қазан 1964 жылы Арал ауданы, 23 қазан 1964 жылы Жалағаш ауданы, 18 желтоқсан 1965 жылы Жаңақорған аудандары қайта құрылды.
Қызылорда облыстық жұмысшы депутаттар Кеңесінің  22 қараша 1966 жылғы  №21/443 қаулысына сәйкес Тереңөзек ауданы қайта құрылды. Оның орталығы осы қаулы бойынша Тереңөзек селосы болды. Тереңөзек ауданының құрамына Сырдария ауданынан Тереңөзек, Шіркейлі, Құндызды, Қызыл ту, Қызыл өзек, Бесөзек ауылдық Кеңестері берілсе, Жалағаш ауданынан Далакөл ауылдық Кеңесі берілді. Сонда 1966 жылы Тереңөзек ауданында 7 ауылдық Кеңес болған.
1976 жылы 18 сәуірде Қызылорда облыстық атқару комитетінің №180-шешімімен Тереңөзек селосына  қалалық поселке мәртебесі берілді.
1991 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан кейін ауылдық Кеңестердің орнына ауылдық округтер құру жұмыстары жүргізілді.
1993 жылғы 29 желтоқсандағы Қызылорда облысы әкімиятының  №414 қаулысы бойынша Тереңөзек ауданында төмендегідей ауылдық округтер құрылды:
1.Бесөзек ауылдық округі – Нағи Ілиясов елді мекенін қамтиды;
2.Далакөл ауылдық округі – Ильич елді мекенін қамтиды;
3.Іңкәрдария ауылдық округі – Іңкәрдария ауылдық округін қамтиды;
4.Қызылдихан ауылдық округі – Қызылдихан, Аманкелді бөлімшесі елді мекендерін қамтиды;
5.Қызылөзек ауылдық округі – Қараөзек селосы, Қызылорда бақша тәжірибе шаруашылығы, Қараөзек бекеті, №10 теміржол аялдамасы елді мекендерін қамтиды;
6. Қызыл ту ауылдық округі – Қызыл ту селосы, 8, 9 – теміржол аялдамалары елді мекендерін қамтиды;
7.С.Сейфуллин ауылдық округі – С.Сейфуллин елді мекенін қамтиды;
8.Шаған ауылдық округі – Шаған елді мекенін қамтиды;
9.Шіркейлі ауылдық округі-Шіркейлі елді мекенін қамтиды.
Бүгінде 80 жылдығын атап өткелі отырған ауданның тарихында Сырдария ауданы 1928 жылдан бастап 1997 жылға дейін Тереңөзек ауданы деп аталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің  10 қыркүйек 1997 жылғы №3627 Жарлығымен Тереңөзек ауданы Сырдария ауданы болып қайта аталды, оның орталығы Тереңөзек қыстағы болды.4 Бұрынғы Сырдария ауданы таратылып – Тереңөзек ауданына Аманкелді  ауылы және Айдарлы, Бесарық, Қоғалыкөл ауылдық округтеріне қарасты елді мекендер берілді.
- Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдердегі қиыншылықтарға байланысты әкімшілік аумақтық басқару шекараларына да оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Қызылорда облыстық мәслихаты мен әкімиятының 17 маусым 1997 жылғы 13 сессиясындағы №513/А шешімімен Құндызды, С.Сейфуллин ауылдық округтері таратылып Аманкелді, Қызылдихан, С.Сейфуллин елді мекендері Тереңөзек поселкелік округі әкімінің бағынысына берілді. Қызылорда облыстық әкімиятының 2002 жылғы №529 шешімімен  С.Сейфуллин, Қалжан ахун ауылдық округтері қайта құрылады. Қызылорда облыстық әкімиятының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы №242 қаулысы және облыстық мәслихаттың 14 желтоқсан 2004 жылғы №120 он екінші сессиясының шешімімен Жетікөл, Құндызды ауылдық округтері құрылады.
- 1997 жылғы 27 желтоқсандағы Қызылорда облысы әкімияты мен мәслихатының №635 / А шешімімен аудандағы бірқатар ауылдық округтердің, ауылдардың атаулары өзгерді. Мысалы ауылдық округтер бойынша:
  1. Ленин ауылдық округі- Аманкелді ауылдық округі;
  2. Бесөзек ауылдық округі – Нағи Ілиясов ауылдық округі;
  3. Далакөл ауылдық округі – Ақжарма ауылдық округі;
  4. Қызыл ту ауылдық округі – А.Тоқмағанбетов ауылдық округі;
  5. Жамбыл ауылдық округі – Бесарық ауылдық округі;
Елді мекендер атаулары бойынша:
  1. Қаз ССР 50 жылдығы атындағы ауыл – Нағи Ілиясов атындағы ауыл;
  2. Ильич атындағы ауыл- Ақжарма ауылы;
  3. Аманкелді ауылы –Қалжан ахун ауылы;
  4. Қызылдихан ауылы- О.Мәлібаев ауылы;
  5. 18 партсъезд атындағы ауыл – А.Тоқмағанбетов ауылы;
  6. Жамбыл ауылы-Қоғалыкөл ауылы;
  7. Ленин ауылы- Аманкелді ауылы.
- «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген»-деп , ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай біздің ауданның тарихы да сан жолдарды өткерген. Тарих - өткен өмір жолымыз, сондық ол туралы шындықты білуге ұмтылғанымыз абзал.Ал биылғы Қызылорда облысының 70 жылдығы мен Сырдария (Тереңөзек) ауданының 80 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Сырдария ауданының құрылған жылы 1928 жылдың 17 қаңтары деп тоқтала отырып, ауылдық округтердің құрылған жылы - 1928 жылдың 23 маусымы.

- Қазіргі кезде Сырдария ауданында 1 кент 13 ауылдық округі бар. Олар:
  1. Тереңөзек кенті – Тереңөзек кенті  елді мекенін;
  2. Аманкелді ауылдық округі – Аманкелді ауылы елді мекенін;
  3. Айдарлы ауылдық округі – Айдарлы ауылыелді мекенін;
  4. Бесарық ауылдық округі-Бесарық ауылы елді мекенін;
  5. Жетікөл ауылдық округі – Жетікөл ауылы елді мекенін;
  6. Қоғалыкөл ауылдық округі – Қоғалыкөл ауылы елді мекенін;
  7. Шіркейлі ауылдық округі – Шіркейлі ауылы елді мекенін;
  8. Нағи Ілиясов ауылдық округі – Нағи Ілиясов елді мекенін;
  9. Шаған ауылдық округі – Шаған елді мекенін;
  10. Ақжарма ауылдық округі – Ақжарма ауылы елді мекенін;
  11. Іңкәрдария ауылдық округі – Іңкәрдария ауылы елді мекенін;
  12. Асқар Тоқмағанбетов ауылдық округі – Асқар Тоқмағанбетов  ауылы, №8, №9 теміржол  бекеті, «Айтек» саяжайы елді мекендерін;
  13. Сәкен Сейфуллин ауылдық округі-Сәкен Сейфуллин ауылы елді мекенін;
  14. Қалжан ахун ауылдық округі – Қалжан ахун елді мекенін қамтиды.
 

Жаңалықтар

18 қазан 2017

Cырдария аудандық ветеринария бөлімінің сектор меңгерушісі (E-R-3 санаты, 1 бірлік, №20-1-1-2)

Cырдария аудандық ветеринария бөлімінің сектор меңгерушісі (E-R-3 санаты, 1 бірлік, №20-1-...

16 қазан 2017

АУЫЛ ӘКІМДІГІНІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

АУЫЛ ӘКІМДІГІНІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ...

16 қазан 2017

СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА ҚЫЗМЕТТІК АВТОКӨЛІКТЕРГЕ ЖЕРГІЛІКТІ ЛОГОТИП АЙРЫҚША БЕЛГІЛЕРІ ОРНАЛАСТЫРЫЛДЫ

СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА ҚЫЗМЕТТІК АВТОКӨЛІКТЕРГЕ ЖЕРГІЛІКТІ ЛОГОТИП АЙРЫҚША БЕЛГІЛЕРІ ОРНАЛАСТЫРЫЛДЫ...

16 қазан 2017

ӘҢГІМЕЛЕСУГЕ ЖІБЕРІЛЕТІН КАНДИДАТТАРДЫҢ ТІЗІМІ

ӘҢГІМЕЛЕСУГЕ ЖІБЕРІЛЕТІН КАНДИДАТТАРДЫҢ ТІЗІМІ ...

Сауал

Пожалуйста, оцените наш сайт

Перед Вами несколько вопросов, которые помогут нам улучшить работу нашего сайта, сделать его удобнее и полезнее.

Сіздің сайтқа бағаныз


Дауыс беруРезультаты