ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАРҒА ЖАҢА ОБЛЫС ӘКІМІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Жарияланды: 29 маусым, 2019 04:34

 Бүгін ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин сырбойылықтарға өңірдің жаңа басшысы Қуанышбек Ысқақовты таныстырды.

Аймақ активінің отырысында Мемлекет басшысының Өкімімен Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалған облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Ысқақов Қуанышбек Досмайылұлы таныстырылды. Асқар Мамин жаңа әкімнің кандидатурасын мәслихат депутаттары бірауыздан қолдағанын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысы А.Мамин Қырымбек Көшербаевқа атқарған жұмысы үшін алғысын білдірді.

"Қырымбек Елеуұлы-тәжірибелі ұйымдастырушы, облыс әкімі қызметін атқарған шақта зор жетістіктерге қол жеткізді. Ол Қызылорда облысын алты жыл бойы басқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Осы уақыт ішінде ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар іске асырылды. Әлеуметтік саланы дамыту бойынша тиімді шаралар қабылданды. Сізге жаңа қызметте табыс тілеймін", - деді Асқар Мамин.
Өз кезегінде, Қ.Көшербаев өзіне артылған сенім үшін алғысын білдіріп, жаңа аймақ басшысына табыс тіледі.

"Мен облыс әкімі қызметіне 6,5 жыл бұрын тағайындалдым. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өңірді артта қалған аймақтар қатарынан шығаруды тапсырды және біздің облысты әрдайым қолдап отырды. Бұл үшін қызылордалықтар әрқашан Тұңғыш Президентке риза", - деп атап өтті Қ.Көшербаев.

Сондай-ақ, Қырымбек Көшербаев әлеуметтік сала бойынша тәжірибесі жоғары, өз міндетін мінсіз орындай білген ізбасары Қуанышбек Ысқақовқа жаңа қызметте табыс тіледі.

Өз кезегінде облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов өзіне білдірілген зор сенімі үшін алғысын жеткізді.
"Бұл лауазымға тағайындалу мен үшін зор жауапкершілік – Қырымбек Елеуұлы өңірді дамытуда біраз жұмыстар атқарды, сіздің атыңызға дақ түсірмеуге және сіздің ісіңізді жалғастыруға барлық күш - жігерімді жұмсауға уәде беремін", - деді Қуанышбек Ысқақов.

Сонымен қатар, әріптестері бұрынғы аймақ басшысын жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтады.
"Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Сіз Елбасының сенімді серігісіз және әрқашан әлеуметтік реформалардың алдыңғы қатарында жүрдіңіз. Сіздің арқаңызда аймағымыз гүлденіп құлпыра түсті. Барша сыр жұртшылығының атынан еліңіз үшін жасаған ерен еңбегіңізге риясыз алғыс айтқым келеді", - деді қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов.

"Алдымен осы сәтті пайдалана отырып, Елбасына тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан үлесі үшін алғысымды жеткіземін. Сондай-ақ, өңірді дамытып, әсіресе, тұрғын үй салу және аз қамтылған көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселелерінің шешімін тапқан Қырымбек Елеуұлына ыстық ықыласымды білдіремін. "Батырдан батыр туады" демекші өз кезінде Елеу Көшербаев та туған өлкеміз Қармақшы ауданын көркейтті - оның ұлы Қырымбек Елеуұлы облыс үшін де дәл солай қызмет етті. Қай жерде жүрсең де, алдағы уақытта толағай табыс пен сәттілік тілеймін",-деді Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекова.

Облыстық ардагерлер кеңесі мен жастар ұйымдарының өкілдері де Қырымбек Елеуұлына шексіз алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.

Категория: Аймақтың жаңалығы
Көргендер: 99

Қайта оралу

Пікірлер

Пікір қалдыру

Сауал

Пожалуйста, оцените наш сайт

Перед Вами несколько вопросов, которые помогут нам улучшить работу нашего сайта, сделать его удобнее и полезнее.

Сіздің сайтқа бағаныз


Дауыс беруРезультаты