Сырдария: жаппай кәсіпкерлік кемелденуі тиіс

Жарияланды: 26 қаңтар, 2019 06:29

Жыл басында барлық деңгейдегі әкімдердің халыққа есеп беруі, өткен кезеңді қорытындылап, алдағы уақытқа бағыт-бағдар бел­гілеуі үрдіске айналды. Билік пен халықтың арасына алтын көпір салған бұл шара барысында бір­қатар әлеуметтік-экономикалық мә­селелер шешім табады. Кеше Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаевтың есепті кездесуі өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Бұл ауданның облыс орта­лығымен іргелес жатуының пайдалы да, қолайсыз да тұстары бар. Жол мен көлік қатынасы тұр­ғысынан ешқандай қиындық бол­мағандықтан, тұрғындар сау­да жасау, тұрмыстық, басқа да қажеттіліктерін өтеу үшін Қызыл­ордаға келеді. Сырдария ауда­нының шағын және орта бизнесті дамытуда орта деңгейден аспауының осындай себептері де бар.

Аудан әкімінің айтуынша, былтырдан бері жалпы құны 3,1 млрд теңге болатын Сырдария ауданы Тереңөзек кентіне автоматты газ тарату станциясын орнатумен қоса, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магис­­тральді газ құбырынан бұрма газ құбыры жеткізілуде. Биыл аудан орталығын «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жұмыстары басталғалы тұр.

Ғ.Қазантаев ғимараттарды, жолдарды күрделі жөндеу, сумен және электрмен жабдықтау бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Өткен жыл­дың елеулі жаңалығының бірі – 18 мың шаршы метрден астам тұрғын үйдің салынуы. Тереңөзек кентінің Аманкелді және Ергешбаев көшелерінің қиылысындағы тұрғын үй кварталының құрылысы алдыңғы  жылы басталған болатын. Былтыр жыл соңына қарай 3 қабатты 18 және 24 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы толығымен аяқталып, кезекте тұрғандарға   берілді. Биыл тағы 2 үй құрылысын республикалық бюджеттен қар­жы­ландыру ұсынылып,  2 үйдің жоба-сметалық құжаттары  дайындалуда.

Ауданның тағы бір жетістігі – Ұлттық бірыңғай тестке  қатысқан  216 мектеп бітіруші түлектің 180-і мемлекеттік білім грантын иеленіп, облыс бойынша 1-орынға ие болды. Қалған мектеп бітірушілер облыс әкімінің грантына және ақылы негізде оқу орындарына тапсырып, нәтижесінде барлық бітірушілер оқу орындарына түсті.

Есепті кездесуде сөз алған облыс әкімі Қ.Көшербаев жиыл­ған халыққа басталған жыл­дан не күтуге болатынын, жа­һандық проблемалардың отан­дық экономикаға әсері туралы айтты. Өткен жылы бастысы –  оң макроэкономикалық көрсет­кіштерге қол жетті. Тек мұнай және газ өндіру көлемінің қысқаруынан мәселе туындады. Бұл жергілікті атқарушы билікке қатысты емес. Мұнай қорының азаюы, сулануы сияқты факторлар әсер еткен бұл саланың проблемалары алдағы уақытта мемлекеттік деңгейде қаралатын болады.  

– Қызылорда облысы инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті, құрылысты дамыту, әлеуметтік түйткілдерді шешуде алдыңғы 3 аймақтың қатарында, – деді облыс әкімі. 

Сырдария ауданы әкімінің жыл бойы атқарған жұмыстарына оң баға беріп, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ең бірінші – жаппай кәсіпкерлікті дамытуда қарқынды жұмыс істеу керек. Өткен жылдың соңына таяу Қызылорда облысы кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы аймақ деп танылып, Елбасы арнайы сыйлық тапсырған. Өңдеу өнеркәсібін дамытуда республикадағы алдыңғы орынға шығу – экономиканы әртараптандырғанның нәтижесі. Сыр өңірі аграрлық-индустриялық аймақтан индустриялық-аграрлық аймаққа айналды.

Соңғы жылдары Сырдария ауданында индустриялық жобалар іске асқан жоқ. Облыс орталығының іргелес орналасқанын сылтау етуге болмайды. Монша, шаштараз сияқты нысандар үздіксіз әрі сапалы қызмет көрсетсе, тұрғындар суға түсу немесе шаш алдыру үшін Қызылордаға бармайды. Сыртқы жағдайға, нарықтың сұранысына бейімделе алатын кішігірім кәсіп­орындар ашуға ден қою керек. Кәсіпкерлікті дамытудың 3 жыл­дығы аясында қаражат, қолдау, мүмкіндік бар.

– Өткен жылы 97 мың адамның өзін-өзі жұмыспен қамтығанын және жұмыссыз екенін анықтадық. Оның 64 мыңы жеке кәсібін тіркеді, жаңа мамандық, қайтарымсыз грант­тар, шағын несие алды, яғни осыншама адам зейнетақы қорына қаржы аударып, салық төлей бастаған, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы сырдариялық түлектердің түгелдей жоғары және арнаулы оқу орындарына түсуіне еңбек сіңірген ұстаздарға, елдің бірлігін сақтауға үлес қосқан аға ұрпақ өкілдеріне алғысын білдірді.

Кездесуде ардагерлер А.Бақ­тиярова, Қ.Әбілқасымов, С.Тоқ­сан­баев аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы ой-пікірлерін айтты. 


Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

25 қаңтар 2019 г

Категория: Аймақтың жаңалығы
Көргендер: 267

Қайта оралу

Пікірлер

Пікір қалдыру

Сауал

Пожалуйста, оцените наш сайт

Перед Вами несколько вопросов, которые помогут нам улучшить работу нашего сайта, сделать его удобнее и полезнее.

Сіздің сайтқа бағаныз


Дауыс беруРезультаты